Ақтөбе облысында учаскелік полиция инспекторы адасып кеткен кейуананы туған-туыстарымен қауыштырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қандыағашта учаскелік полиция инспекторы адасып кеткен кейуананы туған-туыстарымен қауыштырды. Полицияның басты міндеті – құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету. Мұғалжар ауданында орын алған бұл оқиға полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен азаматтарға деген жанашырлығының жарқын үлгісі болды. Қандыағаш қаласындағы Есет батыр көшесінде орналасқан учаскелік полиция пунктіне шамамен 13-14 жастағы жасөспірім келіп, тұрғын үйлердің бірінің маңында егде жастағы әйелдің ұзақ уақыт отырғанын және адасып кеткен болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Хабарлама түскен бойда учаскелік полиция инспекторы Нұрасыл Тәжібаев оқиға орнына жедел жетті. Ол шамамен 80 жастағы кейуанамен тілдесіп, оның тұрғылықты мекенжайын да, жақындарының байланыс нөмірлерін де айта алмайтынын анықтады. Сондай-ақ қарт ананың есте сақтау қабілетінің нашарлағаны белгілі болды. Уақыт оздырмай полиция қызметкері әйелдің жеке басын анықтау жұмыстарын бастады. Іздестіруді жеделдету мақсатында оның фотосуреті жергілікті Instagram парақшасында жарияланды. Көп ұзамай әлеуметтік желі қолданушыларының белсенділігінің арқасында кейуананың тұрғылықты мекенжайы анықталып, жақындары табылды. Полиция қызметкерінің жедел әрі кәсіби әрекетінің, сондай-ақ тұрғындардың азаматтық белсенділігінің нәтижесінде адасып кеткен кейуана аман-есен туған-туыстарына табысталды. Бұл оқиға полиция мен қоғамның өзара ынтымақтастығының нақты нәтижесін көрсетті. Жасөспірімнің бейжай қарамай дер кезінде хабар беруі, полицияның шұғыл әрекеті және тұрғындардың қолдауы бір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Полиция тұрғындарды көмекке мұқтаж жандарды байқаса, бейжай қалмай, дереу полицияға хабарлауға шақырады. Өйткені қауіпсіз қоғам – полиция мен халықтың өзара сенімі мен бірлескен іс-қимылының нәтижесі.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1249989?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді