Астанада халықтың дене даярлығын бағалауға арналған Президенттік тест басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Салтанатты ашылу рәсіміне Президенттік тест және президенттік көпсайыс федерациясының президенті, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

Ашылу рәсімінде Ербол Мырзабосынов Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға және саламатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Президенттік тест азаматтардың дене даярлығы деңгейін бағалап, тұрғындарды спортпен тұрақты түрде айналысуға ынталандыратын маңызды жоба.

«Бүгін еліміздің барлық өңірінен келген қатысушылар бас қосып отыр. Әрқайсыңыз өз өңіріңізде спорт пен белсенді өмір салтын насихаттауға үлес қосып жүрсіздер. Президенттік тест – спорттық жарыстан бөлек, адамдардың денсаулығын нығайту, жігерді шыңдау және бұқаралық спортты дамыту идеясы төңірегіне біріктіретін маңызды бастама», – деді министр.

Президенттік тест 29-30 маусым күндері республикалық спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбелік жоспарына сәйкес Жеңіл атлетика спорт кешенінде өтіп жатыр.

Жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген өкілдер қатысуда. Бағдарлама аясында қатысушылар шалқасынан жатып денені көтеру, кермеге тартылу, ұзындыққа секіру, қысқа қашықтыққа жүгіру және төзімділікке жүгіру бойынша нормативтерді орындайды.

Президенттік тест – халықтың дене даярлығы деңгейін бағалауға арналған негізгі іс-шаралардың бірі. Ол азаматтардың денсаулығын нығайтуға, саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауға және Қазақстанда бұқаралық спортты одан әрі дамытуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1249984?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді