
Омбудсмен: Адам құқықтарының басымдығы Конституцияның бүкіл мазмұны арқылы өтеді
2026 жылғы 1 шілдеде 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енді.
Конституциядағы басты жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттің ең жоғары құндылықтары болып табылатын адамның, оның өмірінің, құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету.
«Адамға бағдарланған қағидат пен адам құқықтарының басымдығы Конституцияның бүкіл мазмұны арқылы өтеді. Бұл қағидаттар қоғамның барлық негізгі институттарына енгізіліп, мемлекет пен азаматтар үшін басты бағдарға айналады. Негізгі заң терең конституциялық жаңғыртудың негіздерін айқындап, мемлекеттің одан әрі дамуының берік іргетасы болып табылады», – деп атап өтті Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Конституцияның Кіріспесінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұлжытпай сақтау қағидаты жарияланды. Сонымен қатар ІІ бөлімнің атауы «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» деп өзгертіліп, бұл адам құқықтарының айрықша маңызын тағы бір мәрте айқындай түседі.
Негізгі заңда адамның өмір сүру құқығы ең жоғары деңгейде қорғалған. Дәл осы құқық әр адамға туғаннан бастап тиесілі болатын ажырамас әрі айырылмайтын құқық ретінде танылады.
Өмір сүру құқығы – барлық құқықтардың негізі. Онсыз өзге құқықтар мен бостандықтардың болуы мүмкін емес. Мемлекет бұл құқыққа кепілдік бере отырып, ешкімнің адам өмірінен заңсыз айыруына жол бермейді.
Адам өмірін ең жоғары құндылық ретінде жариялаған Қазақстан бес жыл бұрын халықаралық міндеттемелерді өз мойнына алып, кейін 2022 жылы өлім жазасын жойды. Бұл қағидат жаңа Конституцияда нақты бекітілген.
Негізгі құқықтар бөлімінде кінәсіздік презумпциясы басты қағидаттардың бірі ретінде белгіленген. Яғни, сот адамның кінәсін дәлелдегенге дейін ол қоғам алдында кінәсіз деп есептелуге тиіс.
Бұл – өркениетті құқықтық ұстаным. Осылайша адам мерзімінен бұрын қоғамдық айыптаудан қорғалып, оның абыройы мен беделі сақталады.
Осы бөлімде әділдік пен жазаның жасалған құқық бұзушылыққа сай болу қағидаттары да кепілдендірілген. Мұндағы негізгі қағидаттардың бірі – бір құқық бұзушылық үшін адамды қайтадан жауапқа тартуға немесе қайта жазалауға жол берілмейтіні.
Конституцияда адамның негізгі бостандықтарының бірі ретінде өзіне, жақын туыстарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті болмау құқығы нақты бекітілген.
Бұл қағида өзіне тәубеге келген адамдарға қатысты діни қызметкерлерге де қолданылады.
Негізгі заңда бұл норма адамның іргелі құқықтарымен тікелей байланыстырылып, өзін-өзі айыптауға жол бермейтін және заңсыз әрекеттерден қорғайтын конституциялық кепілдік ретінде қызмет етеді.
Конституцияда сондай-ақ адамның жеке басына қол сұғылмаушылық, әділ сотқа қол жеткізу кепілдіктері күшейтіліп, сөз бостандығына қатысты ережелер нақтыланған.
Бұдан бөлек, сот шешімінсіз азаматты тұрғын үйінен айыруға ғана емес, оны үйінен мәжбүрлеп шығаруға да жол берілмейтіні жеке норма ретінде бекітілген.
«Осы жаңашылдықтардың барлығы Қазақстан азаматтарына жаңа Конституцияда бекітілген іргелі құқықтар мен бостандықтардың кепілдендірілгенін көрсетеді. Алайда бұл құқықтарды пайдалану үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл азаматтық жауапкершіліктің жоғары деңгейін, заңды, қоғам мүддесін және өзге адамдардың құқықтарын құрметтеуді білдіреді. Еркіндік пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдік сақталған жағдайда ғана әділетті, құқықтық әрі гүлденген мемлекет құруға болады. Сондықтан әрбір азамат өз құқықтарын біліп, қорғап қана қоймай, заңдылықты нығайту мен елдің дамуына қосатын үлесін де терең түсінуі маңызды», – деп атап өтті Артур Ластаев.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-zhdanov/press/news/details/1251256?lang=ru

Жауап қалдыру