
Атырауда Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай жастармен кездесу өтті. Іс-шара барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жастарға Ата заңның негізгі қағидаттарын таныстырып, оның ел дамуы үшін тарихи маңызын түсіндірді. Кездесу соңында белсенді жастарға Жаңа Конституцияның кітаптары сыйға тартылды.
Дарын Шамұратов өз сөзінде Жаңа Конституция – мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындайтын басты құқықтық құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды өзгерістердің негізін қалайды.
Кездесу барысында жастар Конституциядағы жаңашылдықтар, заң үстемдігі, азаматтық жауапкершілік және қоғамның дамуындағы жастардың рөлі туралы пікір алмасты. Сондай-ақ жастардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріліп, ел болашағын бірге қалыптастырудағы белсенділіктің маңызы айтылды.
– Бүгін заңды күшіне енген Жаңа Конституция – еліміздің жаңару жолындағы маңызды тарихи құжат. Бұл Ата заң әр азаматтың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтіп, әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыруға негіз болады. Сондықтан жастардың Конституцияның мәні мен мазмұнын терең білуі өте маңызды. Себебі елдің ертеңі – білімді, белсенді әрі заңды құрметтейтін жастардың қолында. Бүгінгі кездесудің мақсаты – Жаңа Конституцияның басты қағидаттарын түсіндіріп, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру. Баршаңызды Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтаймын. Еліміздің бірлігі бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-sayasat/press/news/details/1252321?lang=ru

Жауап қалдыру