ҚР ІІМ есірткі бизнесіне қарсы күрестің нәтижелерін жариялады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 1885 есірткі қылмысының жолы кесілді, оның ішінде бір трансұлттық топты қоса алғанда, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі жойылды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Қуандық Әлжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топтардың 9 ұйымдастырушысы мен 29 белсенді қатысушысын ұстады.

Есірткі қылмысына қарсы күрес аясында 15 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс бұғаттау үшін «Киберқадағалау» жүйесіне жолданды. Ұлттық банкпен бірлесіп 135 млн теңге көлеміндегі күмәнді транзакциялар тоқтатылды, сондай-ақ 177 мың шетелдік төлем картасы бұғатталды. Бұдан бөлек, есірткі бизнесінен түскен кірісті заңдастыру белгілерін тексеру үшін 26 мың криптокәмиян Қаржылық мониторинг агенттігіне жіберілді.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, синтетикалық есірткіге сұраныс жоғары. 580 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Өндіріс ауылдық жерлерге ауысуда. Жойылған синтетикалық есірткі өндіретін 15 зертхананың шамамен 70%-ы шалғай ауылдарда орналасқан. Сондай-ақ 12 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Олар 1,5 тонна синтетикалық есірткі өндіруге қолданылмақ болды, бірақ ол діттеген жеріне жеткен жоқ. Бұл – мыңдаған азаматтың өмірі мен денсаулығы сақталды деген сөз», – деп түсіндірді Қуандық Әлжанов.

Спикердің айтуынша, есірткінің заңсыз айналымына қарсы қабылданып жатқан шаралар қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. Нарықтағы синтетикалық есірткінің бағасы өсіп, тапшылығы байқалуда, оларды тасымалдау кезінде іркілістер бар, тыйым салынған заттарды сататын интернет-дүкендерге қол жеткізу қиындаған. Сонымен қатар қылмыстық әрекеттің бір бөлігі көршілес елдерге ауысуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-zhdanov/press/news/details/1252471?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді