
Бүгін «Astana Tourism» Елорда күніне орай БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын өткізді. Іс-шара аясында журналистер үшін қаланың негізгі мәдени және туристік нысандары таныстырылған шолу экскурсиясы ұйымдастырылды.
Баспасөз туры барысында журналистер «Бэнкси: данышпан ба, әлде вандал ма?» көрмесі өтіп жатқан Lumiere Hall мультимедиялық музейінде болып, кейін Қазақстан темір жолы тарихы музейінің жаңа экспозициясымен танысты. Маршруттың келесі нүктесі Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесі болды. Аталған көрмені бүгінде 50 мыңнан астам адам тамашалаған.
Баспасөз туры барысында Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев елорданың туризм саласының даму барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Астанаға 352,2 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға артық. 2025 жылдың қорытындысы бойынша туристер саны 1,6 млн адамға жетті, оның ішінде 380 мыңнан астамы – шетелдік туристер.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласының туризм саласына тартылған негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі ҚР өңірлері арасында рекордтық көрсеткішке жетіп, 438,3 млрд теңгені құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында туризм саласына тартылған негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 250 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артты.
Қазіргі таңда елордада жалпы құны 265,7 млрд теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Алдағы жылдары халықаралық қонақүй желілерінің, атап айтқанда Swissôtel, Holiday Inn, Wyndham Garden және басқа да брендтердің «4» және «5» жұлдызды санаттағы қонақүйлерін қоса алғанда, 24 жаңа қонақүй салу жоспарланған. Сонымен қатар балалар лагерінің, көрме орталығының, жол бойы сервисі нысандарының, бассейні бар демалыс паркінің және өзге де туристік инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бұл жобалар туризм саласындағы инфрақұрылым тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1253129?lang=ru

Жауап қалдыру