
Бүгін Төлеби ауданы, Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Әңгірата елді мекенінде жаңа кітапхана ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.
Бұл игі бастама ауыл азаматы Жамбыл Мауленұлының ұйытқы болуымен жүзеге асып, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында халықтың қаражатына бой көтерді. Елдің рухани дамуына арналған бұл нысан – туған жерге деген жанашырлықтың, елдік пен бірліктің жарқын көрінісі.
Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, меценат Асет Қайыпбек, белгілі журналист Асқат Садырбай, Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров, бірқатар мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Іс-шара барысында меценат Асет Қайыпбек жаңадан ашылған кітапхана қорына 200 кітап тарту етсе, аудан басшылығы көрімдік ретінде заманауи компьютер сыйға тартты. Сондай-ақ, кітапхананың бой көтеруіне елеулі үлес қосқан бірқатар белсенді азаматтар аудан әкімдігі мен мәслихат аппараты, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің, Кемеқалған ауылдық округі әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жаңа кітапханаға Ұлы Отан соғысының ардагері, елге сыйлы азамат Әбдіжаппар Ақылұлының есімі берілді.Бұл – ардагердің өнегелі өмірі мен ел алдындағы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Бұл кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, жас ұрпақтың білімге ұмтылысын арттыратын, ұлттық рух пен мәдениетті дәріптейтін маңызды рухани орталық болмақ.
Жаңа кітапхана құтты болсын! Руханияттың шамы әрдайым жарқырай берсін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1253164?lang=kk

Жауап қалдыру