
Alem.AI халықаралық орталығында Astana Innovations Accelerator бағдарламасының үшінші легінің Opening Day іс-шарасы өтті. Бұл бағдарлама AI және технологиялық стартаптардың идея мен пилоттық кезеңнен елорданың қалалық инфрақұрылымында іс жүзінде қолданылатын шешімдерге дейінгі жолын жеделдетуге бағытталған, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Биыл бағдарламаға қызығушылық екі еседен астам артты. 350 өтінімнің ішінен жасанды интеллект, Smart City және цифрлық технологияларға негізделген шешімдерді ұсынған 29 стартап іріктеліп алынды. Жобалар қалалық өмірдің негізгі бағыттарын қамтиды. Олар – көлік және мобильділік, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, экология, туризм, қалалық инфрақұрылым, бизнес-сервистер және ассистивті технологиялар.
Astana Innovations Accelerator қалалық ортаға жасанды интеллектті іс жүзінде енгізудің маңызды құралдарының біріне айналып келеді. Бағдарлама аясында стартаптар өз шешімдерін нақты қалалық міндеттерді шешуде сынақтан өткізіп, сарапшылармен, қалалық қызметтермен, әлеуетті тапсырыс берушілермен және инвесторлармен жұмыс істеуге, сондай-ақ өнімдерін одан әрі ауқымдауға дайындауға мүмкіндік алады.
«Бүгінде елдер арасындағы бәсекелестік өз технологияларын жасап, оларды негізгі салаларға қаншалықты жылдам енгізе алу қабілетіне байланысты. Сондықтан біз үшін AI-инфрақұрылымды ғана емес, сонымен қатар қуатты технологиялық компанияларды дамыту аса маңызды. Astana Innovations Accelerator идеядан нақты іске асыруға дейінгі жолды қысқартып, қазақстандық әзірлемелердің экономиканың бір бөлігіне айналуына әрі әлемдік нарықта табысты бәсекелесуіне жағдай жасайды», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Opening Day мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың, стартаптар қауымдастығының және Қазақстанның инновациялық экожүйесінің өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев және Presight AI Kazakhstan компаниясының өңірлік директоры Мақсат Қошымбаев қатысты.
«Бүгінде қала үшін инновацияларды қолдап қана қоймай, тиімді технологиялық шешімдерді нақты нәтижеге жеткізу маңызды. Біз әзірлейтін, қолдайтын және енгізетін барлық жобалар тұрғындардың нақты сұранысына жауап беруге, қалалық ортаны қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи етуге бағытталған. Astana Innovations Accelerator AI-стартаптардың әлеуетін елорданың нақты міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік береді», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.
Үшінші лекке қатысушылар акселерациялық бағдарламадан өтіп, сарапшылық қолдау мен білім беру тректеріне қатысады. Сондай-ақ олар қалалық инфрақұрылым базасында өз шешімдерін сынақтан өткізіп, жобаларын әлеуетті тапсырыс берушілер мен инвесторларға таныстыру мүмкіндігіне ие болады.
Presight AI компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Мақсат Қошымбаев әлемнің түкпір-түкпірінен келетін перспективалы AI-шешімдерді іздеуге және ауқымдауға бағытталған Presight AI Accelerator жаһандық бағдарламасын таныстырды. Бағдарламаның екінші легіне 62 елден түскен 376 өтінімнің ішінен іріктелген 12 AI-компания енді. Олардың қатарында қазақстандық TrustExam компаниясының болуы отандық AI-экожүйенің әлеуеті жоғары екенін және қазақстандық әзірлемелердің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
«Presight үшін стартаптарды қолдау және AI-экожүйесін дамыту – стратегиялық басымдықтардың бірі. Біз Astana Innovations Accelerator қатысушыларының Presight-тың халықаралық сараптамасына қол жеткізіп, жаһандық акселераторымыздың үміткерлер қатарына ену мүмкіндігіне ие болатынына қуаныштымыз. Сонымен қатар AI-экожүйесін дамытуда озық AI-шешімдерді әзірлеуге, тестілеуге және пилоттық іске асыруға арналған R&D Lab Presight алаңы да маңызды рөл атқарады», – деді Мақсат Қошымбаев.
Биыл бағдарлама пилоттық кезеңнен AI және технологиялық шешімдерді қалалық ортаға нақты енгізуге басымдық береді. Үздік командалар өз жобаларын Қытай, АҚШ және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктес акселерациялық бағдарламаларда таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл оларға жаңа нарықтарға шығуға, халықаралық сараптамаға, инвесторларға және жаһандық технологиялық экожүйелерге қол жеткізуге жол ашады.
Бағдарлама Астана қаласының әкімдігі, халықаралық Astana Hub инновациялық кластері және «Astana Innovations» АҚ тарапынан Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Серіктестері – Silkroad Innovation Hub, Presight AI Kazakhstan және Khan Tengri Innovation Hub.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1253567?lang=ru

Жауап қалдыру