Облыстық мамандар иммунопрофилактика мәселелері бойынша практикалық көмек көрсетуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыстық мамандар иммунопрофилактика мәселелері бойынша практикалық көмек көрсетуде

Жамбыл облысында иммунопрофилактика жүйесін жетілдіру және екпе жұмыстарының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Кадрларды даярлаудың жылдық жоспары мен Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес 2026 жылғы 10 маусым мен 1 шілде аралығында облыстық мониторингтік топ медициналық ұйымдарда практикалық және консультативтік-әдістемелік жұмыстар жүргізді.

Мониторингтік топ құрамына облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы, облыстық инфекциялық аурулар ауруханасының консультативтік-әдістемелік орталығының жетекшісі Гүлфайра Мырзабекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Мұрат Жұмабаев, иммунопрофилактика мәселелері жөніндегі облыстық үйлестіруші, «JANUIA medical center» қалалық емханасының педиатриялық қызметінің жетекшісі Виолета Евграшина, сондай-ақ №5 қалалық емхананың иммунолог дәрігері Минаш Аблаева енді.

Жұмыстың негізгі мақсаты – медициналық қызметкерлерге иммунопрофилактика, профилактикалық егулерді есепке алу, вакциналардың қозғалысын бақылау, цифрлық есептілікті қалыптастыру және «салқындату тізбегі» талаптарын сақтау мәселелері бойынша практикалық әрі әдістемелік көмек көрсету.

Мониторинг барысында мамандар вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуалды талдап, халықты иммундаумен қамту деңгейін бағалады. Сонымен қатар ақпараттық жүйеге деректерді толық әрі уақтылы енгізу, «Вакцинация» модулінің жұмысы, электрондық есептілік нысандарын қалыптастыру және вакциналарды сақтау талаптарының сақталуы зерделенді.

Практикалық көмек Тараз қаласындағы 4 стационарға, 7 медициналық орталыққа және 9 қалалық емханаға көрсетілді. Медициналық ұйымдарда цифрлық есептілікті қалыптастыру, есепке алу құжаттарындағы қателерді анықтау және түзету, сондай-ақ вакциналарды сақтау мен тасымалдау талаптарын сақтау бойынша шеберлік сабақтары мен оқыту жұмыстары өткізілді. Жалпы 187 медицина қызметкері оқытылып, консультативтік көмек алды.

Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған мәселелер медициналық ұйымдардың басшылары мен жауапты мамандарымен талқыланды. Ақпараттық жүйелерге деректерді толық енгізуді күшейту, халықты уақтылы иммундаумен қамту және профилактикалық егулер жоспарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар берілді.

Өңірдегі медициналық ұйымдарға практикалық және әдістемелік көмек көрсету жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты негізде жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1253960?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді