
Сіздерді Отанымыздың өркендеуі мен Тәуелсіздігіміздің тұғырына айналған, еліміздің еңселі ордасы – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Астана – Тәуелсіз Қазақстанның ең жарқын жетістіктерінің бірі, мемлекетіміздің қуаты мен халқымыздың бірлігінің символы. Сарыарқаның сайын даласында бой көтерген бас қаламыз аз ғана уақыт ішінде әлем таныған заманауи мегаполиске айналып, еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени және рухани дамуының басты орталығы ретінде Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып келеді.
Инновациялық идеялар мен батыл бастамалардың ордасына айналған Астана бүгінде бүкіл елді біріктіретін жасампаздықтың, келісім мен тұрақтылықтың, білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің орталығы болып отыр. Елордамыздың әрбір жетістігі – Қазақстанның әр өңірінің, соның ішінде Ақжайық ауданы тұрғындарының да ортақ жетістігі.
Мемлекет басшысы айқындаған еліміздің даму бағыты аясында өңірлердің әлеуетін арттыруға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға басымдық берілуде. Осы мақсатта Ақжайық ауданында да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Инфрақұрылымды жаңғырту, жолдарды жөндеу, инженерлік желілерді дамыту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен, табиғи газбен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Бұл – мемлекет қолдауының, ел бірлігінің және жерлестеріміздің адал еңбегінің нақты нәтижесі.
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызға осы айтулы мереке күні зор денсаулық, әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке, мол ырыс пен ынтымақ, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін. Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын! Елордамыз – Астананың мерейі артып, Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуі жолындағы игі бастамаларымыз әрдайым табысты болғай!
Астана күні құтты болсын!
Құрметпен,
Ақжайық ауданының әкімі
Мұрат Сердалин
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-akzhaik/press/news/details/1254230?lang=ru

Жауап қалдыру