4 шілде күні Ұлттық домбыра күні қарсаңында «Аю-тас» сауықтыру лагерінде балаларды қазақ халқының бай мәдени мұрасы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы және ұлттық құндылықтарымен таныстыратын этноауылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Мерекелік шара ұлттық әуенмен, әсерлі концерттік бағдарламамен және шығармашылық өнер көрсетулерімен басталды. Салтанатты ашылудан кейін қатысушылар қазақтың киіз үйімен, ұлттық тұрмыс-тіршілік бұйымдарымен, ұлттық киім үлгілерімен және қолөнер туындыларымен танысты.
Балалардың ерекше қызығушылығын ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындар тудырды. Олар тоғызқұмалақ, асық ату, бес тас және бестемше ойындары бойынша сайыстарға белсене қатысып, өздерінің ептілігін, зеректігін, тапқырлығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Мұндай ұлттық ойындар жас ұрпақты халқымыздың мәдени мұрасымен жақынырақ таныстырып қана қоймай, олардың ой-өрісі мен дене дайындығын дамытуға да ықпал етеді.
Этноауылдың ашылуы лагерь өміріндегі жарқын оқиғалардың біріне айналып, балаларға көтеріңкі көңіл күй, ұмытылмас әсер мен ұлттық құндылықтарды тереңірек тануға мүмкіндік сыйлады. Осындай тағылымды шаралар ұлттық мұраны сақтауға, өскелең ұрпақтың туған халқының тарихы мен дәстүріне деген құрметін арттыруға және отансүйгіштік рухын нығайтуға зор үлес қосады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-shalakynroo/press/news/details/1254511?lang=kk

Жауап қалдыру