
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен кеңес өтіп, онда масаға қарсы дезинсекцияның жай-жапсары талқыланды. Жиынға тұрғындардың улау шараларының тиімділігіне көптеп шағымдануы түрткі болды. Бүгінде жоспарлы жұмыстың шамамен 40 пайызы орындалған. Соған қарамастан, жыл басталғалы «109» бірыңғай байланыс орталығына екі мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Шағымның дені Еркінқала ауылдық округінен, Өркен, Жұмыскер, Жұлдыз және Нұрсая шағынаудандарының тұрғындарынан түскен.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында «AG Disinfection Services» ЖШС директоры Нұрлыбек Ахмедияров баяндады.
– Дезинсекция масаның көбеюіне қолайлы аумақтарда, әсіресе ашық су айдындарында, соның ішінде «Тұзды сай» аумағында жүргізілуде. Бұған ұшқышсыз басқарылатын аппараттар тартылған. Бүгінге дейін аумақтар 30 рет әуе арқылы уланып, әр рейсте 30 литрден арнайы препарат шашылды. Сонымен қатар «Ерік Мостовой» арнасын өңдеуге төрт арнайы техника жұмылдырылды. Күн сайын кешке көшелер мен қоғамдық орындарды улауға он арнайы автокөлік шығару жоспарланып отыр, – деді Нұрлыбек Ахмедияров.
Биыл Атырау қаласында дезинсекциялық жұмыстарға 101 миллион теңге бөлінген. Оған «Агран», «Мистраль», «Фаскон», «Сольфак» және «Циперметрин» препараттары қолданылуда. Мердігер ұйымның мәліметінше, улы препараттардың адамдар мен үй жануарларына зияны жоқ. Дезинсекция күн сайын сағат 21:00-ден 06:00-ге дейін жүргізіледі.
Өңір басшысы жұмыстың жүйелі ұйымдастырылмағанын сынға алып, жауапты басшыларға қатаң ескерту жасады.
Облыс әкімі қысқа мерзімде дезинсекциялық шараларды күшейтіп, әсіресе су айдындарына жақын орналасқан аумақтардың толық қамтылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне мердігер ұйым қызметінің белгіленген талаптарға қаншалықты сай келетінін тексеру жүктелді. Атап айтқанда, лицензиялардың болуы, арнайы техникалармен қамтамасыз етілуі, ерітінділерді дайындау технологиясының сақталуы және қолданылатын препараттар мөлшерінің талапқа сәйкестігіне назар аударылуы шарт.
– Бұдан бөлек, дезинсекция жұмыстарының нақты кестесі бекітіліп, оның қатаң сақталуы қамтамасыз етілуі қажет. Егер қолда бар күш пен техника жеткіліксіз болса, қосымша мердігер ұйымдарды тартып, жұмыс қарқынын жеделдету керек. Ең бастысы, жұмыс ашық әрі жария түрде істеліп, тұрғындар қай жердің қай уақытта уланып жатқанынан хабардар болуы тиіс, – деп тапсырды Серік Шәпкенов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1254655?lang=ru

Жауап қалдыру