
Бүгін, 7 шілде күні, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлының төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Жиынға облыстық және қалалық әкімдіктердің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар мен қызмет көрсетуші ұйымдардың өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында суға шомылу маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, жағажайларда қауіпсіздік талаптарының сақталуы, профилактикалық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, құтқару қызметтерінің дайындығы, сондай-ақ су айдындарындағы бақылау шараларын күшейту мәселелері талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша Бекнұр Бәлиұлы жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелерге тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі үйлестіру және тұрақты бақылауда ұстау мақсатында арнайы мониторингтік топ құрылатыны атап өтілді
Айта кетейік, биыл жыл басынан бері қала аумағындағы жабдықталмаған орындарда суға түсу салдарынан 5 адам көз жұмған. Осыған байланысты Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарын тек арнайы белгіленген және қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған жағажайларда ғана суға шомылуға шақырамыз.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1254607?lang=ru

Жауап қалдыру