
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Президенттің халықты табиғи газбен қамту деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Атырау облысындағы газ желілерінің жалпы ұзындығы 6 701 шақырымды құрайды. Нәтижесінде облыстың табиғи газбен қамтылу деңгейі 99,9 пайызға жетті.
– Газбен тұрақты және үздіксіз қамтамасыз ету, сондай-ақ газ тарату жүйесінің сенімділігі мен өткізу қабілетін арттыру мақсатында 2024 жылы «Финская-120» автоматтандырылған газ тарату станциясы мен «Редут – Финская-120» магистральдық газ құбыры тармағын салу жобасы қолға алынды. Қазіргі уақытта ұзындығы 44 шақырым магистральдық газ құбыры тартылып, сағатына 120 мың текше метр газ өткізетін автоматтандырылған газ тарату станциясы орнатылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Жобаны биылғы қыркүйекте толық жүзеге асырып, нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді Серік Шәпкенов.
Сонымен қатар өңірде газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. 2024 жылы жалпы ұзындығы 122 шақырым газ құбыры тартылып, Қызылқоға ауданындағы Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы және Кенбай ауылдары табиғи газ желісіне қосылды.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Талқайран елді мекеніндегі «Спутник» шағын ауданына газ жүргізу жұмыстары аяқталды.
Газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында 2023 жылы «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупинг жобасын іске қосты. Бұл газ тасымалының резервтік сызбанұсқасын құруға ықпал етті. Сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Түркіменстанмен арадағы халықаралық газ транзитін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар «Орта Азия – Орталық» магистральдық газ құбыры арқылы еліміздің орталық және оңтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізілуде. 2023 жылдан бері газ құбырының 823 шақырымдық учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Облыс әкімі отырыс қорытындысы бойынша жауапты басқармаларға нақты міндеттер жүктеп, өңірдегі газдандырылмаған 10 елді мекендегі тұрғындар санын нақтылауды, оларды табиғи газбен қамтамасыз ету мүмкіндігін пысықтауды және газдандыру деңгейін 100 пайызға жеткізуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1254565?lang=ru

Жауап қалдыру