
Бүгін Жылыой ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға тұрғын үй кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ж.Қаражанов қатысып, тұрғын үй кезегінде тұрған 31 отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
Аудан әкімі қоныс иелерін құттықтап, баспаналы болу – әрбір отбасы үшін үлкен қуаныш әрі мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі екенін атап өтті.
– Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің бастауы, баянды өмірдің берік негізі. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің басты әлеуметтік басымдықтарының бірі. Бүгінгі қоныс тойы – ауданымыз үшін маңызды әрі қуанышты оқиға. Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым болып, босағаларыңыздан бақ пен ырыс, ақ ниет пен молшылық арылмасын, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Н.Мұғалимов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес беріліп отырғанын атап өтті.
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қолдау көптеген азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндік береді. Барша қоныс иелерін қуанышты сәттерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.
Жаңа тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай бой көтеріп, барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Жылыой ауданында алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-zhylyoy/press/news/details/1255643?lang=ru

Жауап қалдыру