
Талдықорған қаласының «Арбат» орталығында Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле, қасиетті домбыра!» атты кітап көрмесі мен кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық мұрасы саналатын қасиетті домбыраны дәріптеу, ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттау, кітап оқуды қолдау және оқырмандардың рухани дүниесін байыту.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері Ұлттық домбыра күнінің тарихына тоқталып, домбыраның халқымыздың мәдениеті мен руханиятындағы ерекше орны туралы мазмұнды ақпарат берді. Сонымен қатар Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Қазанғап сынды ұлы күйшілердің шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды.
Келушілер назарына «Күмбірле, қасиетті домбыра!» атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге ұлттық музыка өнері, қазақтың күйшілік дәстүрі, белгілі күйшілердің өмірі мен шығармашылығы, сондай-ақ домбыра тарихына арналған әдебиеттер қойылып, оқырмандарға таныстырылды.
Мереке аясында «Мазмұндама», SayBooks, «Арнау Принт» жеке кәсіпкерлері мен кітап дүкендерінің қатысуымен кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілер заманауи және танымдық әдебиеттермен танысып, өздеріне қажетті кітаптарды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар «Ақыл-ой әлемі» ойын алаңында тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы ойындары өткізілді. Қатысушылар белсенділік танытып, ұлттық және зияткерлік ойындарға қызығушылықпен қатысты.
Кітапханашылар өздерінің инновациялық жобаларын таныстырып, келушілерге кітапхана қызметінің жаңа бағыттары туралы мәлімет берді.
Іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырды. Қатысушылар ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған мазмұнды бағдарламаны жоғары бағалап, кітап көрмесі мен кітап жәрмеңкесіне белсенді қатысты.
Мерекелік шара соңында ұйымдастырушылар қатысушылар мен серіктестерге алғыстарын білдіріп, халқымыздың қасиетті домбырасының үні мәңгілік жаңғырып, ұлттық өнеріміздің мерейі арта беруіне ізгі тілектерін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1255721?lang=ru

Жауап қалдыру