
Облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында қатысушылар өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштеріндегі оң серпінді атап өтіп, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындады. Үш сағатқа созылған жиында қоғам өкілдері мен билік арасында ашық диалог өрбіп, тараптар пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңес отырысында облыс әкімдігінің өкілдері, салалық басқармалар басшылары және кеңес мүшелері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды іске асыру және өзекті мәселелерді шешу жолындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Жиында инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов өңірдегі қордаланған мәселелерді тек бірлескен жұмыс пен өзара түсіністік арқылы шешуге болатынын атап өтті.
– Баршаңызды өңіріміздің дамуына арналған диалог алаңында көргеніме қуаныштымын. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының бастамаларын облыс әкімі Берік Уәлидің жетекшілігімен жүйелі түрде орындап, бірқатар бастамалар мен іс-шараларды жүзеге асырып келеміз. Бүгін диалог форматында ортақ шешімді қажет ететін өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деді Мейірлан Раханов.
Отырысқа облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев қатысып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында баяндама жасады.
Баяндамада өңірдегі егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту, агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту, су үнемдеу технологияларын енгізу, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшелері пікір алмасып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстарды уәкілетті мемлекеттік органдар қарауына енгізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-agro/press/news/details/1255834?lang=ru

Жауап қалдыру