
University of Arizona президенті Nazarbayev University-дің ғылыми инфрақұрылымымен танысты
Nazarbayev University-ге University of Arizona президенті доктор Суреш Гаримелла келді. Кездесу барысында тараптар бірлескен білім беру бағдарламалары мен қос диплом бағдарламаларын іске қосу мәселелерін қоса алғанда, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
University of Arizona Қазақстанмен жоғары білім беру саласындағы серіктестікті белсенді дамытып келеді. 2022 жылы университет Орталық Азиядағы алғашқы микрокампусын Kozybayev University базасында ашты. Қазіргі таңда онда үш бағыт бойынша қос диплом бағдарламалары жүзеге асырылады.
Делегация Nazarbayev University-дің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысып, негізгі зертханаларды аралады. Тараптар өзара қызығушылық тудыратын бағыттарға, атап айтқанда жасанды интеллект, медицина, инженерия, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану, тау-кен ісі және бірлескен ғылыми жобаларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
University of Arizona президенті доктор Суреш Гаримелла Nazarbayev University-дің даму деңгейіне жоғары баға беріп, ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүдделі екенін айтты.
«Біз мазмұнды әрі нәтижелі серіктестіктер құруға ұмтыламыз. Қазақстан – ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті елдердің бірі. Бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға зор мүмкіндік бар деп есептейміз», – деді Суреш Гаримелла.
Бағдарламаның маңызды бөлігі халықаралық ISO 5-6 стандартына сай бөлмелермен жабдықталған микро және нанотехнологиялар жөніндегі заманауи Nanofabrication Facility орталығын аралау болды. Орталық зерттеушілерге микро және наноқұрылымды материалдарды әзірлеу мен зерттеудің толық циклін ұсынады. Мұнда фотолитография, жұқа қабықшаларды тұндыру, материалдарды өңдеу және жоғары дәлдіктегі диагностика жүргізіледі. Зертхана инфрақұрылымы жаңа материалдар, сенсорлар, микроэлектроника және басқа да жоғары технологиялық шешімдерді әзірлеуде кеңінен қолданылады.
Делегация сондай-ақ Қазақстандағы адам микробиомасын кешенді зерттеумен айналысатын алғашқы Human Microbiome Laboratory зертханасының жұмысымен танысты. Мұнда ғалымдар тұрғындардың метагеномын зерттеп, микрофлораны түзетуге арналған функционалдық тағам өнімдері мен дәрілік препараттарды әзірлеуде, ұлттық биобанк қалыптастырып, заманауи биомедициналық технологияларды денсаулық сақтау мен өнеркәсіпке енгізеді.
Бұл сапар Nazarbayev University-дің әлемнің жетекші зерттеу университеттерімен халықаралық ынтымақтастығын нығайтудағы кезекті маңызды қадам болды. Сонымен қатар тараптардың бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылығын тағы бір мәрте растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1255947?lang=ru

Жауап қалдыру