
Ақтөбеде жыл басынан бері мыңнан аса тұтынушының құқығы қорғалып, 33 млн теңгеге жуық қаражаты кері қайтарылды
Облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2026 жылдың 6 айында 1141 өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48 %-ға жоғары. «Былтырғыға қарағанда ақтөбелік тұтынушылардың өз құқығын қорғауға белсенділігі артқан», – деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында департаменттің бас маманы Ақбота Жұмамұрат. Оның айтуынша, өтініштердің басым бөлігі – бөлшек сауда саласына және электронды саудаға қатысты құқығы бұзылған азаматтардың шағымы.
«Электронды саудаға қатысты 199 өтініш түсті. Сондай-ақ, бөлшек сауда саласында 426 өтініш тіркелді. Қалған өтініштер тұрмыстық қызметтерге, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, байланыс, көлік қызметіне, туристік қызметтер, қаржы, қоғамдық тамақтану, медицина және білім беру қызметтеріне қатысты», – дейді спикер.
Департамент өкілі тұтынушыларға өз құқықтарын қорғаудың бірнеше тиімді жолын атап өтті. Ол үшін алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша шағым жолдауға болады. Сондай-ақ, eotinish.kz порталы арқылы онлайн өтініш беруге мүмкіндік бар. Қоғамдық ұйымдардан кеңес алып, қажет болған жағдайда сотқа жүгіну де тұтынушылар құқығын қорғаудың заңды тетіктері болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-aktogay/press/news/details/1256604?lang=ru

Жауап қалдыру