
Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендерді қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі ретінде тұрақты бақылауда.
Осы мақсатта аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес және Көктерек ауылдық округтеріне арнайы барып, ауыз су жүйесін дамытуға бағытталған құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, құрылыс қарқынына және жобаның белгіленген талаптарға сай орындалуына назар аударды.
Жауапты сала басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне нақты тапсырмалар берген аудан әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, бекітілген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындардың сапалы ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жобаны іске асыру барысында барлық талаптардың сақталуы қажеттігін жеткізді.
Қазіргі таңда Құркелес және Көктерек ауылдық округтері аумағында магистральды ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын жоба бойынша бүгінгі күнге дейін 12,5 шақырым су құбыры тартылған. Құрылыс жұмыстары Көктерек кенті мен Құркелес ауылдық округі аумағында жалғасуда. Аталған жоба аясында Дархан, Нұрлы жол, Еңкес, Құлтума, Таскескен, Тегісшіл, Мәдениет, Жылысу, Жаңаталап, Береке елді мекендері және Көктерек кентінің тұрғындарын орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Бүгінде елді мекендердің ішкі инженерлік желілері толық аяқталып, магистральды жүйені тарту және оны қолданыстағы орталық су жүйесіне қосу жұмыстары атқарылуда. Жобаның тапсырыс берушісі – Сарыағаш аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Мердігер мекеме – «FS Development Group» ЖШС.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1256793?lang=kk

Жауап қалдыру