
Жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу тәртібі, төлеу мерзімі және салықтық жеңілдіктер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Аманкелді Сағатбеков пен бас маман Еркебұлан Нүкебаев кеңінен түсіндірді.
– Мүлік салығы жылжымайтын мүлікке меншік құқығы бар жеке тұлғалар үшін міндетті төлем болып табылады. Салық салу объектілеріне пәтерлер, тұрғын үйлер, саяжай құрылыстары, гараждар, автотұрақ орындары және өзге де жылжымайтын мүлік нысандары жатады. Сонымен қатар ол салық сомасын азаматтардың өздері есептемейтінін, есептеу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметтері негізінде мемлекеттік кірістер органдары тарапынан жүргізілетінін, – деп атап атап өтті Аманкелді Сағатбеков.
Спикердің сөзінше, мүлік салығы тұрғын үйдің нарықтық немесе сатып алу құны бойынша емес, бағалау құны негізінде есептеледі. Бағалау құнын анықтау кезінде объектінің орналасқан жері, жалпы ауданы, тұрғын үйдің түрі, салынған жылы, қабырғасының материалы, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі, ғимараттың тозу дәрежесі және өзге де техникалық сипаттамалары ескеріледі. Сондықтан ауданы бірдей екі тұрғын үйдің бағалау құны мен төленетін салық мөлшері әртүрлі болуы мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-abay/press/news/details/1257020?lang=ru

Жауап қалдыру