
Ақтөбе облысы полиция департаментінің музейінде ішкі істер органдарының тарихи мұрасын сақтау, музей жұмысын жетілдіру және тәжірибе алмасу мақсатында Қостанай облысы полиция департаменті музейінің өкілімен кездесу өтті. Ішкі істер органдарының тарихы – тек мұрағат құжаттары мен музей жәдігерлерінің жиынтығы емес. Бұл – заңға адал қызмет еткен азаматтардың өнегелі жолын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізетін маңызды бағыт. Жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысы полиция департаментінің музейіне Қостанай облысы полиция департаменті музейінің сақтаушысы, ішкі істер органдарының ардагері Танатқан Дельмухамбетов келді. Сапар барысында ол Ақтөбе облысы полиция департаменті музейінің меңгерушісі Айша Өтеулинамен бірге музей экспозицияларымен танысып, өңір полициясының қалыптасуы мен даму тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалады. Сонымен қатар тарихи мұраны сақтау, музей қорын толықтыру, экспозицияларды жаңғырту және музей жұмысын жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Танатқан Мұхамбетұлы ішкі істер органдарында 25 жылдан астам қызмет атқарып, тергеушіден аға тергеуші лауазымына дейінгі еңбек жолынан өтті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де саламен байланысын үзбей, 2020 жылдан бастап Қостанай облысы полиция департаменті музейінің сақтаушысы қызметін атқарып келеді. Ол полиция тарихын зерттеу, тарихи басылымдар әзірлеу, тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, экскурсиялар өткізу және жас қызметкерлерге патриоттық тәрбие беру бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Кездесу барысында музей қызметін ұйымдастыру, бірегей архивтік материалдарды сақтау, экспозицияларды дамыту және жас полиция қызметкерлерін отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен алмасуға ерекше көңіл бөлінді. Осындай тағылымды кездесулер музей ісін дамытуға, өңірлік тәжірибе алмасуды нығайтуға және ішкі істер органдарының бай тарихи мұрасын келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1257394?lang=ru

Жауап қалдыру