
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәжбүрлеп ұстау орындары мен арнаулы мекемелерде азаматтардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу жөніндегі мандатын іске асыру шеңберінде Благовещенка ауылында орналасқан Психикалық денсаулық орталығының мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық бөлімшесіне бардым.
Мониторингтің мақсаты сот шешімі бойынша мәжбүрлеп ем қабылдап жатқан пациенттердің ұсталу жағдайларын, медициналық-әлеуметтік көмектің көрсетілу сапасын, олардың құқықтарының сақталуын, сондай-ақ оңалту бөлімшесінің қызметін бағалау болды.
Бару барысында тұрғын бөлмелер, қатаң бақылауға арналған арнайы палаталар, ас блогы, асхана, кір жуу орны және мекеменің өзге де нысандары қаралды. Санитариялық-гигиеналық жағдайлар, пациенттердің тамақтануын ұйымдастыру, азық-түлікті сақтау талаптарының орындалуы, желдету жүйесінің жұмысы, жарықтандыру деңгейі және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету мәселелері зерделенді.
Бұрын берілген ұсынымдардың орындалуына ерекше назар аударылды. Мекеменің материалдық-техникалық базасының айтарлықтай нығайғаны атап өтілді. Қазіргі уақытта мекеменің негізгі аймақтарын қамтитын және пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететін 42 бейнекамерадан тұратын бейнебақылау жүйесі жаңғыртылып, толыққанды жұмыс істеп тұр.
Мониторинг шеңберінде мәжбүрлеп ем қабылдап жатқан пациенттермен құпия форматта әңгімелесу жүргізілді. Медициналық көмектің қолжетімділігі, пациенттердің құқықтарының сақталуы, ұсталу жағдайлары, тұрмыстық қызмет көрсету сапасы және персоналдың қарым-қатынас әдебі мәселелері зерделенді. Қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынасқа қатысты шағымдар түскен жоқ.
Қызметкерлермен кездесу барысында медициналық-әлеуметтік көмек көрсету саласындағы заңнаманы қолдану және пациенттер арасында жарақаттанудың алдын алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қатысушыларға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының, Ұлттық превентивтік механизмнің және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Жастар комиссиясының қызметі туралы ақпарат берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-sko-oblysy/press/news/details/1257546?lang=ru

Жауап қалдыру