
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі бұлақтар мен су айдындарының жағалауын тазартуға бағытталған «Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясының екінші кезеңін бастады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екінші кезеңі еліміздің 12 облысында өтті. Акция барысында бұлақтар мен су айдындарының аумағы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шаралар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында бір мезгілде ұйымдастырылды. Акция аясында 58 бұлақ пен 33 су айдынының аумағы тазартылды.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов өңір жұртшылығымен бірге Тасқала ауданындағы Тасқала ауылында орналасқан бұлақты тазарту жұмысына қатысты.
Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданындағы 3 бұлақтың және 14 су қоймалары жағалауында акция ұйымдастырылды. Бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазарту жұмыстарына 150-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалы мен Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы, «Батысирригация» КММ, Тасқала ауданы әкімдігі қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті ақсақалдар, еріктілер мен студенттер болды.
Жалпы алғанда республикалық экологиялық акцияның екінші кезеңіне еліміз бойынша бір мезгілде 10 мыңнан астам адам қатысты.
Еске сала кетейік, биыл 23 наурызда «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының алғашқы кезеңі өтті. Ол Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында бір мезгілде ұйымдастырылып, 30 бұлақ пен 19 су айдынын қамтыды. Тазалау және абаттандыру жұмыстарына 9 мыңнан астам адам, оның ішінде 700-ден астам ерікті қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-zher-paidalanuy/press/news/details/1257827?lang=ru

Жауап қалдыру