
«Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында павлодарлық полицейлер мал мен ет өнімдерін тасымалдаған 4757 автокөлікті, мал мен ет өнімдерін өткізу бойынша 4237 орынды, сондай-ақ 4647 шаруа қожалығын тексерді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзудың 171 фактісінің жолы кесіліп, мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 1347 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Мәселен, Аққулы ауданының Шабар ауылының маңында қараусыз жүрген жылқылар анықталды. Мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін ауыл шаруашылығы жануарларының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азат Кусаинов.
Өткізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шара өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мал шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және заңнама талаптарының сақталуын нығайтуға ықпал етеді.
Павлодар облысы полиция департаменті мал иелерін қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады. Мал ұрлығының басым бөлігі қараусыз жүрген және сәйкестендірілмеген малға қатысты жасалатынын еске салады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1257956?lang=ru

Жауап қалдыру