
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КОНКУРССЫЗ ОРНАЛАСУ:
ЖАСТАР ҮШІН МҮМКІНДІКТЕР КЕҢЕЮДЕ
Мемлекеттік қызмет – елдің дамуына тікелей ықпал ететін маңызды сала. Сондықтан бұл жүйеге кәсіби білімі жоғары, жаңашыл ойлайтын, жауапкершілігі мол жастарды тарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсететін жаңа тетіктер енгізіліп келеді.
Осындай маңызды өзгерістердің бірі – Мемлекет басшысы 2026 жылғы 19 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң. Аталған Заң
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне еніп, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар жаңашылдықтарды енгізді.
Заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – жоғары оқу орнын үздік аяқтаған түлектерге мемлекеттік қызметке конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігінің кеңейтілуі.
Жаңа Заңның 28-бабының 6-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметтің бірқатар «Б» корпусы лауазымдарына конкурссыз қабылдана алады.
Бұл мүмкіндік аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдардың төменгі және басшы емес лауазымдарын қамтиды. Яғни, жас мамандар кәсіби қызмет жолын туған өңірінен бастап, тәжірибе жинақтап, мемлекеттік басқару саласында өз әлеуетін жүзеге асыра алады.
Егер бұрын мұндай мүмкіндік негізінен мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алған үздік түлектерге ғана берілсе, енді ақылы негізде білім алып, оқуын GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары нәтижемен аяқтаған түлектер де конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке орналасуға құқылы.
Аталған өзгеріс мемлекеттік қызметке талантты, білімді әрі бастамашыл жастардың көптеп келуіне жол ашады. Әсіресе, аудандық және ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтып, өңірлердің дамуына серпін береді. Сонымен қатар бұл тетік жастардың туған өлкесінде еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етуіне жаңа мүмкіндік қалыптастырады.
Бүгінде Түркістан облысында осы мүмкіндік арқылы мемлекеттік қызметке қабылданған 77 жас түлек өздерінің кәсіби қабілеттерін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Олар мемлекеттік қызметтің ашықтығын, тиімділігін арттыруға үлес қосып, халыққа сапалы қызмет көрсету ісіне белсенді атсалысуда.
Жастарға берілген бұл мүмкіндік – тек жұмысқа орналасудың жеңілдетілген тәртібі ғана емес. Бұл – мемлекет тарапынан білімді, еңбекқор және өз ісіне адал жастарға көрсетілген сенім. Сондықтан жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас түлектерді Заңда қарастырылған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мемлекеттік қызмет саласына келуге шақырамыз.
Мемлекеттік қызмет – тұрақты мансаптың ғана емес, елдің дамуына үлес қосудың, қоғам игілігі үшін еңбек етудің және кәсіби тұрғыдан шыңдалудың үлкен мектебі.
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша
департаменті
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1258228?lang=ru

Жауап қалдыру