
Астана қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 2026-2027 жаңа оқу жылына білім беру ұйымдарының дайындығына мониторинг жүргізуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 1300-ге жуық мектебінде жүзеге асырылатын реновация аясында Астана қаласының №13, №41, №55 мектептерінің ғимаратары толық жаңартылуда.
Солардың бірі №41 жалпы орта білім беретін мектепте білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта мұнда бір мезгілде екі жоба жүзеге асырылуда: мектептің негізгі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу және 500 орындық жаңа қосымша оқу корпусын салу.
1970 жылы салынған ғимаратта инженерлік коммуникациялар жаңартылып, оқу кабинеттері, ішкі бөлмелер, қауіпсіздік және жарықтандыру жүйелері жаңғыртылып, мектеп аумағы абаттандырылуда. Жөндеу аяқталғаннан кейін бұл ғимаратта бастауыш сынып оқушылары білім алады.
Сонымен қатар мектеп ғимараты жанынан 500 оқушыға арналған жаңа қосымша үш қабатты оқу корпусы салынды. Онда 25 заманауи оқу кабинеті, STEM-зертхана, робототехника, тамақтану мәдениеті, қыздар мен ұлдарға арналған технология кабинеттері, заманауи спорт залы, 220 орындық асхана және жайлы рекреациялық аймақтар қарастырылған. Барлық оқу кабинеттері компьютер, принтер және интерактивті панельмен жабдықталған.
2026–2027 оқу жылында №41 мектеп мемлекеттік стандарттарға толық сәйкес келетін, қауіпсіз, жайлы әрі жоғары технологиялық білім беру ортасына айналып, оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/control/press/news/details/1258266?lang=ru

Жауап қалдыру