
Егінге орақ салғандардың қатарында қазығұрттық «Үшбастау» өндірістік кооперативі бар. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өндірістік кооперативке қарасты егістік алқабына арнайы барып, егін-жайды өз көзімен көріп танысты. Кооператив меншігіндегі техникалардың жай-күйіне көңіл бөліп, егіс алқабындағы бидай орымының куәсі болды.
– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, терең өңдеуге басымдық беруді тапсырды. Біз осы бағытта жұмысты күшейтіп жатырмыз. Мемлекеттік қолдауларды тиісді пайдаланып, жаңа технологияларды батыл енгізу керек. Ізденіс, еңбек, өзгеріс қажет. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мамандарына сенім артылады. Жұмыстарыңызға табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.
2002 жылы құрылған кооператив меншігінде жалпы 6855 гектар жер бар. Оған 2845 га егістік және 4010 га жайылымдық жер кіреді. Кәсіпорынның негізгі бағыты — егін шаруашылығы, оның ішінде бидай, арпа, мақсары және жоңышқа өндіру болып табылады. Шаруашылықтың заманауи агротехнологияларды енгізудегі тәжірибесі биылғы өнім көлемінің жоғары болуына негіз болып отыр.
Кооператив 2023 жылдан бері ылғал сақтау және топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында өндіріске нөлдік технологияны сәтті енгізіп келеді. Хронологияға сүйенсек, нөлдік технологиямен егілген бидай алқабы 2023 жылы 550 га, 2024 жылы 650 га, ал 2025 жылы 700 га-ға жеткен болатын. Ағымдағы 2026 жылы 600 га бидай алқабы осы тиімді әдіспен егіліп, бүгінде жоғары өнімділік көрсетуде.
Шаруашылықтың иелігінде 2500 тонна астық қоймасы және К-700-4 дана, МТЗ-80-4 дана, МТЗ 1221-1 дана, Нива Эффект- 3 дана, КАМАЗ-3 дана, Нөлдік технологиямен дән сепкіш-1 дана, дән сепкіштер-3 дана, бүріккіш аппарат -1 дана, трактор тіркеме-2 дана ауыл шаруашылығы техникалары бар.
Шаруашылықта 2500 тонна астық сақтайтын қойма, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен астық жинайтын комбайндар бар. Мұнда 12 адам тұрақты, 20 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.
«2026 жылдың егін орағына кірістік. Дер кезінде жинап алсақ деп бар күшімізді жұмсап отырмыз. Шаруашылық жылдан-жылға кеңейіп келеді. Қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, егіннің бітік шығуына күш салдық», – дейді кооператив басшысы Арын Калчабеков.
Айта кетейік, ағымдағы жылы облыс бойынша 265,5 мың гектар алқапқа масақты дақылдар егілді. Орташа өнімділік гектарына 16,5 центнерді құрап, жалпы жиынтық өнім көлемі 436,6 мың тонна деңгейінде болады деп күтілуде.
Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдері көлемі бойынша Түркістан облысы республикада алғашқы орында. 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 125,3 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде өңір 110,7%-дық өсім көрсетіп, бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орынға шықты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-auyal-zharuazhalyk/press/news/details/1258323?lang=ru

Жауап қалдыру