ТАЗАЛЫҚ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ағымдағы жылдың 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес елдімекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру қағидаларын орындау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың заңмен белгіленген міндеті. Бурыл ауылдық округі Бүгінгі таңда елдімекендер аумағында санитарлық тазалық талаптарының сақталуы басты назарға алынған. Осы мақсатта аудан әкімі Олжас Баққараев өткен аптаның жұмасында Бурыл ауылдық округіне атбасын бұрып, ауылдың санитарлық жағдайын, абаттандыру жұмыстарын және елді мекеннің сәулеттік келбетіне әсер ететін инфрақұрылым нысандарын аралап көрді. Көше-көшені аралаған аудан әкімі Олжас Елебекұлы жергілікті тұрғындармен кездесіп, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген жаңа талаптарды түсіндірді. Атап айтқанда әрбір тұрғын өз үйінің айналасындағы 5 метр аумақтың тазалығына жауапты екендігін, бұл аумақтағы қоқыс, реттелмеген шөп және өзге де санитарлық талаптардың сақталуы тұрғынның міндетіне жататындығын айтты. Заң талаптарын бұзған жағдайда алғаш ескерту жасалатынын, ал ескерту орындалмаған жағдайда 130 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынатынын ескертті. Сонымен қатар бұл талап кәсіпкерлік нысандарға да қатысты екенін айтып, заң талаптарын сақтамаған заңды тұлғаларға 1 297 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, аудан басшысы көшелерде шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарға, газ құбырларының сырланбағанына, сондай-ақ ауылдың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізіп тұрған қараусыз қалған ғимараттардың жай-күйіне назар аударды. Осыған байланысты Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әшірбековке нақты ескертулер беріліп, жауапты бөлім басшыларына анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою, аумақтарды таза ұстау, ауылдың тазалығы мен көркін жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу тапсырылды. -Елдімекендердің тазалығы мен көркі-тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әрбір азамат пен кәсіпкер заң талаптарын сақтап, өзіне тиесілі аумақтың тазалығына ұқыптылықпен қарауы қажет”, – деді О.Баққараев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak-myrzatai/press/news/details/1258436?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді