
Түркістан облысы полиция департаментінде ведомство басшысы Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен кеңейтілген жедел кеңес өтіп, жылдың алғашқы алты айындағы қызмет қорытындылары шығарылды. Жиынға департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің жетекшілері мен аумақтық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты. Кеңесте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды.
Кеңесті ашқан департамент бастығы Арыстанғани Заппаров Мемлекет басшысы айқындаған “Заң және тәртіп” қағидатын іске асыру ішкі істер органдары қызметінің негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар ол жеке құрамға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің ІІМ алқа мәжілісінде берген тапсырмаларын жеткізіп, заңдылықты нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруды міндеттеді.
Жыл басынан бері қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 7,7%-ға, ал қылмыс деңгейі 7,9%-ға төмендеді. Қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық, оның ішінде пәтер ұрлығы, алаяқтық және интернет-алаяқтық деректерінің азайғаны тіркелді. Сонымен қатар аса ауыр қылмыстарды, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, бопсалау және бұзақылық қылмыстарын ашу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған құқық бұзушылықтар санының, сондай-ақ бұрын сотталған адамдар жасаған қылмыстардың азайғаны байқалды. Жол-көлік оқиғалары бойынша да төмендеу үрдісі сақталды.
Кеңесте қайталама қылмыстың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қала және аудандық полиция бөлімдерінің басшыларына шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған әрі әкімшілік қадағалауда тұрған адамдармен профилактикалық жұмысты күшейту, сондай-ақ электрондық бақылау құралдарын тиімді пайдалану тапсырылды. Алдағы кезеңде интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ халық арасында профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру негізгі басым бағыттар ретінде белгіленді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ІІМ жариялаған “Балалар жылы” аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, жасөспірімдер қылмысының, буллингтің, зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу жұмыстарын күшейту міндеті қойылды. Кеңес қорытындысында департамент басшылығы қызмет барысында анықталған кемшіліктерге талдау жасап, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берді.
Полиция басшыларына мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыру бағытында қосымша шаралар қабылдау жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1258459?lang=ru

Жауап қалдыру