Мойынқұм ауданында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мойынқұм ауданында кәсіпкерлерді қолдау және жаңа бизнес бастамаларды ынталандыру мақсатында «Мобильді фронт-офис» көшпелі консультациялық кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті тұрғындарға мемлекеттік қолдау шараларын жан-жақты түсіндіріп, бизнесті дамытуға арналған қаржылық құралдар мен бағдарламалардың мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру.

Кездесу Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының ұйымдастыруымен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп өткізілді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген «Өрлеу Аймақ» шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Жиынға Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының жауапты мамандары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері, аудандық бөлім басшылары, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, сондай-ақ жеке кәсіп ашуға ниетті аудан тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға «Өрлеу Аймақ» бағдарламасы шеңберінде ұсынылатын мемлекеттік қолдау құралдары жан-жақты таныстырылды. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелеу мүмкіндіктері, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру тетіктері, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған өзге де қаржылық қолдау шаралары туралы кең көлемде ақпарат берілді.

Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мамандары мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тәртібі, өтінім беру кезеңдері, қажетті құжаттарды рәсімдеу жолдары және қолдау алу талаптары жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірме жүргізді. Кәсіпкерлерге бизнес-жобаларды тиімді жоспарлау, қаржыландыру көздерін пайдалану және мемлекеттік қолдау құралдарын барынша тиімді қолдану бағытында практикалық кеңестер берілді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Облыстан келген сала мамандары әрбір сұраққа нақты жауап беріп, кәсіпкерлердің бизнес-жобаларын іске асыру барысында туындайтын мәселелер бойынша жеке консультациялар өткізді.

Мұндай көшпелі кездесулер мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға, кәсіпкерлердің ақпараттық сауаттылығын көтеруге және жаңа кәсіпкерлік бастамалардың жүзеге асуына оң ықпал етеді. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың табысын арттыруға және аудан экономикасының тұрақты дамуына серпін береді.

Айта кету керек, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тұрғындар арасында кеңінен насихаттауға басымдық берілмек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1258469?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді