
Жыл сайын өрт қаупі маусымының басталуымен ормандарды оттан қорғау бірінші кезектегі міндетке айналады. Облыстың орман шаруашылықтарының қызметкерлері табиғи апаттарға жол бермеу үшін ауқымды, көбінесе қарапайым адамдарға байқала бермейтін жұмыстарды жүргізеді.
Орман немесе дала өртінің таралу жолындағы басты физикалық кедергі ретінде минералданған жолақтар – жанғыш материалдардан топырақтың минералды қабатына дейін тазартылған учаскелер қала береді.
2026 жылға жоспарланған 950 шақырым жаңа минералданған жолақтардың 609 шақырымынан астамы қазірдің өзінде жасалды. Бұрыннан бар шептерді күтіп-ұстау да ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл жұмыс түрі бойынша жоспар 9,3 мың шақырымнан асады, ал үш мәрте күтім жасаған жағдайда бұл 26 мың шақырымнан астам аумақты құрайды.
Тәжірибе көрсеткендей, орман өрттерінің көпшілігі адамның кінәсінен туындайды. Сондықтан да орманшылар халықпен үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстар жүргізуге үлкен мән береді.
Биыл 1267 өртке қарсы аншлаг (ақпараттық қалқандар) орнатылды. Елді мекендер мен демалыс аймақтарында 2800-ден астам жадынамалар мен парақшалар таратылды.
Мамандар тек қағаз жүзіндегі жұмыстармен шектеліп қалмайды. Ұйымдар мен оқу орындарында 437 әңгімелесу, дәріс және семинар өткізілді. Өңірлік баспа басылымдарында ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тақырыбында 51 мақала жарияланды.
Аграршыларға ерекше бақылау орнатылған. Аңызды бақылаусыз өртеу салдарынан ауыл шаруашылығы алқаптарынан шыққан от жиі орманға ұласып жатады. Орман шаруашылықтары ауыл шаруашылығы құрылымдарына қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі туралы 528 ресми нұсқама берді.
Орман – біздің ортақ байлығымыз және өңіріміздің “өкпесі”. Орман мекемелерінің қызметкерлері оны сақтап қалу үшін күн сайын қолдан келгеннің бәрін жасайды. Алайда, егер әрбір тұрғын саналылық танытпаса, минералданған жолақтар мен айыппұлдар табиғатты құтқара алмайды.
Мамандар шақырады: рұқсат етілмеген жерлерде от жақпаңыз, темекі тұқылы мен әйнек қоқыстарын тастамаңыз, ал өрт шыққанын байқаған жағдайда дереу өртке қарсы қызметке хабарласыңыз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз ормандарымызды жойылып кетуден аман алып қаламыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-tabigat/press/news/details/1258524?lang=ru

Жауап қалдыру