
Аққулы ауданында жастарды еңбекке баулу мен жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруға бағытталған республикалық «Жасыл ел» бағдарламасы аясындағы еңбек жасақтарының жұмысы қарқынды жалғасуда. Биыл аудан бойынша 110-нан астам оқушы жазғы маусымда еңбек жасақтарына тартылып, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, туған өлкесінің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Жасақ мүшелері елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуде. Олар саябақтар мен көшелерді, қоғамдық орындарды, ескерткіштер аумағын тазалап, ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға, жасыл желекті суаруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі экологиялық акцияларға белсенді қатысуда.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарында жұмыс істеу жастардың еңбекке деген құрметін арттырып, жауапкершілік, ұйымшылдық және тәртіп сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырады. Сонымен қатар, оқушылар өз еңбегі арқылы алғашқы табысын тауып, уақытты тиімді пайдалануды, ұжымда жұмыс істеуді және қоғамдық іске белсенді араласуды үйренеді.
Жазғы еңбек маусымы – жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастырып қана қоймай, олардың азаматтық белсенділігін арттыруға, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Осындай жобалар арқылы жас ұрпақ табиғатты аялаудың, қоршаған ортаны таза ұстаудың және туған өлкесінің дамуына үлес қосудың маңызын терең түсінеді.
Аққулы ауданында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы жоспарға сәйкес жалғасуда. Жасыл желекті көбейтуге, ауданның тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген еңбекқор жастардың бастамасы – өзгелерге үлгі. Бұл жоба жас буынның еңбекке деген ынтасын арттырып, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы азаматтарды тәрбиелеуге зор ықпал етуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqquly-bilim/press/news/details/1258682?lang=ru

Жауап қалдыру