
Цифрлық технология – балалардың психикалық денсаулығын қорғау қызметінде
Жамбылда жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуға және суицидтің алдын алуға бағытталған EMDEU AI+ телемедициналық платформасын енгізу мәселесіне арналған кеңес өтті.
Кеңестің негізгі спикері – Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың Шығыс Еуропа елдеріндегі өкілі Николай Негай болды. Ол жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алуда цифрлық технологияларды қолданудың халықаралық тәжірибесіменбөлісіп, EMDEU AI+ платформасының жұмыс істеу қағидаларын таныстырды. Сондай-ақ балалардағы эмоционалдық және мінез-құлықтық тәуекелдерді ерте анықтау уақытылы психологиялық және медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кеңес барысында өңірде жобаны іске асырудың аралық нәтижелері де қаралды. 10–17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жөніндегі Жол картасы аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен EMDEU AI+ телемедициналық платформасы сатып алынып, бүгінде облыстың 14 мемлекеттік медициналық ұйымында енгізілді.
Платформаны іске қосар алдында 201 медицина қызметкері арнайы оқытудан өтті. Оқыту аяқталғаннан кейін жүйе пайдалануға берілді. Жобаға Тараз қаласындағы барлық жекеменшік емханалар да қосылып, қазіргі уақытта платформаны толық енгізу бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуде.
Кеңес қорытындысында қатысушылар мектеп оқушыларын EMDEU AI+ жобасына тіркеу, платформаны одан әрі дамыту және балалар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелерін талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1258693?lang=ru

Жауап қалдыру