
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 1-бабы 1-тармағының 56) тармақшасына сәйкес, қоса атқаратын жұмыс – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты талаптарымен басқа тұрақты ақы төленетін жұмысты орындауы болып табылады.
Осыған сәйкес, жұмыскер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын өзі негізгі жұмысын атқаратын жұмыс берушімен де, сондай-ақ бір немесе бірнеше өзге жұмыс берушімен де жасасуға құқылы.
Негізгі жұмыс орны мен қоса атқаратын жұмыс бойынша күнделікті жұмыс ұзақтығының жиынтығы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан (күніне 8 сағат) 4 сағаттан артық аспауға тиіс (Кодекстің 68-бабының 3-тармағы).
Осылайша, негізгі жұмысын және қоса атқаратын жұмысын қатар атқаратын жұмыскердің жалпы жұмыс уақыты тәулігіне 12 сағаттан аспауға тиіс.
Кодекстің 26-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, он сегіз жасқа толмаған адамдарды, сондай-ақ медицина қызметкерлерін қоспағанда, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді қоса атқаратын жұмысқа қабылдауға жол берілмейді.
Басқа жұмыс берушімен қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын жасасу үшін жұмыскер негізгі жұмыс орны бойынша еңбек сипаты мен еңбек жағдайлары туралы анықтаманы (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) ұсынады (Кодекстің 32-бабының 4-тармағы).
Кодекстің 52-бабының 2-тармағына сәйкес, егер осы жұмыс негізгі жұмыс орны болатын жұмыскермен еңбек шарты жасалса, жұмыс берушінің бастамасы бойынша қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бұзылуы мүмкін.
Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмыс орны бойынша берілетін еңбек демалысымен бір мезгілде беріледі.
Егер қоса атқаратын жұмыс бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы негізгі жұмыс орны бойынша берілетін демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс беруші жұмыскердің өтініші бойынша демалыс ұзақтығындағы айырманы құрайтын күндерге жалақысы сақталмайтын демалыс береді (Кодекстің 92-бабының 5-тармағы).
Осылайша, қоса атқаратын жұмыс кезінде жеке еңбек шарты жалпы негіздерде жасалатынын ескере отырып, қоса атқаратын жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген барлық құқықтар мен кепілдіктер (оның ішінде жалақыны есептеу, міндетті аударымдар мен салық салу мәселелері бойынша) толық көлемде қолданылады.
Осыған байланысты, егер сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу көзделген болса, ол жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына шыққан кезде негізгі лауазымы бойынша да, қоса атқаратын лауазымы бойынша да төленеді.
Қоса атқаратын жұмыс туралы мәліметтер Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) енгізіледі, сондай-ақ жұмыскердің өтініші бойынша оның еңбек кітапшасына жазылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-enbek/press/news/details/1258910?lang=ru

Жауап қалдыру