Облыс әкімі үш ай бұрын ескерту жасаған сауда орындарындағы жаңғырту жұмыстарын тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар сауда нысандарын аралап, үш ай бұрын берген тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Облыс әкімі әуелі «Нива» сауда үйіне барды. 1985 жылы салынған сауда нысанында қазір күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Электр желілері толық ауыстырылып, баспалдақ алаңы бөлшектелген, сауда залының төбе жабыны жаңартылған. Сондай-ақ, сауда үйінің маңындағы заңсыз орнатылған сауда павильондары демонтаждалған.

Ғимараттың қасбетін әрлеу және сырлау жұмыстары шілде айының соңына дейін толық бітеді. Кіреберіс есіктеріне тапсырыс берілген. Олар жеткізілгеннен кейін баспалдақтарды жөндеу аяқталып, жаңа есіктер орнатылады. Сауда үйін тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұдан кейін аймақ басшысы «Жансая» базарына барып, мұнда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қазір сауда нысанында ғимараттың сыртқы келбетін жаңарту және оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мамандар кіреберіс бөлігін және қасбетін сыртқы әрлеумен айналысып жатыр. Бұл жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімі сауда орындарының басшылары мен қала әкімдігіне жаңғырту және абаттандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Үш ай бұрын, сәуірдің басында бұл нысандарға арнайы келіп, сауда орындарының заман талабына сай болуын ескертіп, кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырған болатынмын. Барлық сауда орындарына ескерту жасағанбыз. Жобаларын ұсынып, әкімдікпен келісіп, қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр екен. Халыққа мұндай орындардың заманауи, жаңа, талапқа сай болғаны маңызды. Басталған жұмыстар уақтылы әрі сапалы аяқталуы керек. Сәттілік тілейміз», – деді Берік Уәли.

Қалпына келтіру жұмыстарына қала тұрғындары ризашылықтарын білдірді.

«Өте тамаша, әдемі болып қалды. Барлығы заманауи үлгіде жасалып жатыр. Тұрғындар атынан, кәсіпкерлер атынан алғыс білдіреміз. Енді заман талабына сай, жақсы жағдайда жұмыс істейтін боламыз», – деді қала тұрғыны.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1258932?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді