
Түркістан облысы аумағындағы республикалық маңызы бар Шымкент — Самара автожолында патрульдік полиция қызметкерлері қиын жағдайға тап болған шетел азаматтарына көмек көрсетті.
Қызмет атқару барысында Түркістан облысы ПД патрульдік полиция батальонының инспекторы Бақнұр Сәрсенбекұлы жолдың 180-шақырымында техникалық ақауға байланысты тоқтап тұрған автобусты байқаған. Көлік Ресей Федерациясынан Қырғыз Республикасына бағыт алған.
Тексеру кезінде жолаушылардың бірінің аптап ыстықтың әсерінен өзін жайсыз сезінгені анықталды. Ер адам жүрек тұсының ауырғанына шағымданған. Полицейлер дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның жағдайын қалыпқа келтірді.
Сонымен қатар қауіпсіздік мақсатында шамамен 50 жолаушы эвакуацияланып, Түркістан қаласының кіреберісіндегі дәмханалардың біріне орналастырылды. Олар автобус толық жөнделгенге дейін сол жерде болды.
Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтарға қажетті көмек көрсетіп, жол қозғалысы жағдайын бақылауда ұстады. Автобус жөнделгеннен кейін шетел азаматтары сапарларын аман-есен жалғастырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1259009?lang=ru

Жауап қалдыру