
Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына 5 жыл толуына орай «Бес жыл – бес белес» атты мерейтойлық салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, республика және өңір кітапханаларының басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ардагер кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев кітапхана ұжымын мерейтоймен құттықтап, өңірдің рухани-мәдени өміріндегі кітапхананың маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар кітапхана саласының үздіктеріне марапаттар табысталып, «Оқитын өлке», «Жыл кітапханашы» және «Алтын формуляр» номинацияларының жеңімпаздары анықталды.
Мерейтой аясында кітапхананың бес жылдық даму жолы мен жетістіктерін таныстыратын арнайы бейнеролик көрсетіліп, «Бес жыл – бес белес» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде кітапхана тарихы, сирек қордағы құнды басылымдар, жаңа жобалар мен соңғы жылдары жарық көрген еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ кітапхана ісінің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен сала қызметкерлері марапатталып, халықаралық әріптестер қатысуымен мәдени ынтымақтастықты нығайту бағытындағы бастамалар талқыланды.
Айта кетейік, 2021 жылы пайдалануға берілген «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы бүгінде өңірдің ірі мәдени-ағартушылық және ғылыми-ақпараттық орталықтарының біріне айналып, кітап оқу мәдениетін дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық мәдени байланыстарды нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1259046?lang=kk

Жауап қалдыру