
Мойынқұм ауданында халықтың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, ауыл тұрғындарының табысын көбейту және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімділігін кеңінен насихаттау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудан аумағындағы барлық ауылдық округтерде көшпелі кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындарға кәсіп бастау мен бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылуда.
Бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков ауылдық округтерді аралау жұмысын Көкжелек ауылынан бастады. Кездесуге ауыл тұрғындары, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, жастар және мемлекеттік бағдарламаларға қызығушылық танытқан тұрғындар қатысты.
Жиын барысында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктері, жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктері, ауылдық жерлерде жаңа өндіріс орындарын ашу және қолданыстағы бизнесті кеңейту бағытында көрсетілетін қолдау шаралары кеңінен түсіндірілді.
Кездесу барысында қатысушыларға «Ауыл аманаты», «Игілік» және «Береке» бағдарламаларының негізгі бағыттары мен артықшылықтары таныстырылды. Аталған бағдарламалар аясында берілетін жеңілдетілген несиелердің шарттары, қаржыландыру көлемі, пайыздық мөлшерлемелері, өтінім беру тәртібі, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылатын қаржыландыру тетіктері туралы толық ақпарат берілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген қаржыландыру құралдарының ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашуына, өндіріс көлемін ұлғайтуына, ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларды іске асыруына және жаңа жұмыс орындарын құруына мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Азаматтарды әсіресе несие рәсімдеу талаптары, кепіл мәселелері, бизнес-жоспар әзірлеу, құжаттарды дайындау және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тәртібі қызықтырды. Барлық сұрақтарға жауапты сала мамандары тарапынан заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірмелер берілді.
Аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шараларын тиімді пайдалану ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға және аудан экономикасының дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға ниетті азаматтарды мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды.
Кездесу барысында кәсіпкерлік субъектілеріне құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жобаларды әзірлеу, қажетті анықтамаларды жинақтау және қаржыландыру ұйымдарымен жұмыс жүргізу мәселелері бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі мен ауыл әкімдігі тарапынан тұрақты консультациялық және әдістемелік қолдау көрсетілетіні жеткізілді.
Іс-шара қорытындысында мұндай көшпелі түсіндіру кездесулері ауданның барлық ауылдық округтерінде жалғасатыны айтылды. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттану деңгейін арттыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ауылдық жерлерде экономикалық белсенділікті күшейту.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1259095?lang=ru

Жауап қалдыру