Бадамшада аудандық ауруханаға салынған заманауи қосымша ғимарат ашылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Жапсарлас ғимараттың қажеттілігі туралы мәселе аймақ басшысының ауданға 2024 жылы жасаған жұмыс сапарында қаузалған еді.

Бүгін ауданға жұмыс сапарында облыс әкімі Асхат Шахаров аудандық ауруханаға соқты, жаңа ғимаратты аралап шықты.

Нысанның пайдалануға берілуі қолданыстағы емхананың мүмкіндігін кеңейтіп, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Төрт қабатты қосымша ғимаратта сәулелік диагностика бөлімшесі, зертхана, биоматериал қабылдау бөлмелері, емшара кабинеттері, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) кабинеті, фиброгастроскопия (ФГС) кабинеті, дәрігерлер кабинеттері және конференц-зал орналасады.

Ауданда медициналық кадрларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр Бадамшаға жас маман Аманжол Танетов келіп, еңбек жолын бастады. Ол медициналық жоғары оқу орнында психиатрия және наркология бағыттары бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтіп, бүгінде аудандық ауруханада қызмет атқарады.

Жас мамандарды қолдау бағдарламасы аясында Аманжол Танетов облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, ал жергілікті бюджеттен 400 мың теңге алды. Бағдарлама талаптарына сәйкес, ол ауданда кемінде бес жыл еңбек етуі тиіс.

«Оқуымды аяқтаған соң Бадамшаға жұмысқа келуді жөн көрдім. Мұнда жас мамандарға қолайлы жағдай жасалған. Берілген көтерме төлемдер еңбек жолымды бастауға үлкен қолдау болды», – деді Аманжол Танетов.

Аймақ басшысы ауылдық жерлердегі медицинаны дамыту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және жас мамандарды аудандарға тарту маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Медициналық мекемелерде заманауи жағдай қалыптастыру және оларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі, ал жас мамандардың еңбек етіп, кәсіби тұрғыдан дамуына қажетті жағдай жасалуы маңызды», – деді Асхат Шахаров.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1259283?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді