Қарағандыда құрылысында кемшіліктері бар екі тұрғын үй кешені аталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды қаласында құрылысы проблемалы екі тұрғын үй кешені Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тұрақты бақылауында екені мәлімделді. Олар — Дюсембеков көшесіндегі «Новый город – 2» тұрғын үй кешені және «Оазис» шағын ауданында орналасқан «Британский квартал» тұрғын үй кешені.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қарағанды облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айдын Смағұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, құрылыс салушы компаниямен жұмыстарды аяқтау бойынша нақты кесте бекітілген. Аталған нысандардың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Ведомство басшысы сондай-ақ биылғы жылдың алғашқы алты айындағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады.

— Алты ай ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 597 хабарлама қабылданды. Сонымен бірге 331 жағдайда құжаттар талаптарға сәйкес келмегендіктен, рұқсат беруден бас тартылды. Нысандарды пайдалануға қабылдау жөніндегі 918 актіні салыстыру ұсынылды. Оның 53 пайызы мақұлданды, — деді Айдын Смағұлов.

Есепті кезеңде мамандар 39 тексеру жүргізіп, анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде талаптар қойды. Бірқатар құрылыс компаниялары лицензияларынан айырылып, кейбірінің лицензияларының қолданысы уақытша тоқтатылды.

Брифинг барысында басқарма басшысы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуіне байланысты енгізілген өзгерістерге де тоқталды. Енді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекторлары нысандарды пайдалануға қабылдау үдерісіне қатысады және құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде бақылау жүргізуге мүмкіндік алады.

Сонымен қатар техникалық қадағалау ұйымдарының жауапкершілігі күшейтілді. Енді олардың мамандары құрылыс алаңында күн сайын болуы және орындалатын жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауы тиіс.

Бұдан бөлек, жаңа салынған тұрғын үйлерге берілетін кепілдік мерзімі ұзартылды. Енді ол кемінде бес жылды құрайды. Ал ғимараттың негізгі көтергіш конструкциялары, шатыры мен қасбеттеріне берілетін кепілдік мерзімі нысан пайдалануға қабылданған күннен бастап кемінде он жыл болып белгіленді.

Айдын Смағұлов тұрғындарға салынып жатқан үйден пәтер сатып алмас бұрын құрылыс салушы компанияның барлық қажетті рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеру үшін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жүгінуге болатынын еске салды.

Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін тұрғындар (8-7212) 21-32-06 жедел желі телефонына хабарласа алады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1259298?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді