Алаяқтар зейнеткерлерді қалай алдайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлесу кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттілігі туралы ескертеді. 

Алаяқтар көп жағдайда қарт адамдарға қоңырау шалып, өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының немесе басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар үшінші тараптар шоттан ақша алуға немесе заңсыз операцияларды ресімдеуге тырысуда деп хабарлайды. Сөйлесу кезінде алаяқтар мазасыздықты тудыру және адамды асығыс әрекет етуге мәжбүрлеу үшін психологиялық және эмоционалды қысым жасайды. Нәтижесінде зейнеткерлерді ақшалай қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.

Сонымен қатар, алаяқтар адамның мобильді банкингті пайдалануды білетін-білмейтінін анықтайды, ақша аудару туралы нұсқаулар береді, сондай-ақ құрылғыға және банктік қызметтерге қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін телефонға әр түрлі қосымшаларды орнатуды ұсына алады.

Не нәрсеге назар аудару қажет?

Бейтаныс адамдарға, тіпті олар өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ретінде таныстырса да, сенбеңіз.

Егер қоңырау шалушыда сіздің дербес деректеріңіз, оның ішінде аты-жөніңіз немесе тұрғылықты мекен-жайыңыз болса, бұл оның сенімділігін растамайды. Мұндай мәліметтер деректердің жария болуы нәтижесінде ашық қолжетімді болуы мүмкін.

Егер әңгімелесуші өзін банктің, құқық қорғау органының немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде таныстырса, оның атын, лауазымын нақтылаңыз және ақпаратты тексеру үшін тиісті ведомствоның ресми байланыс орталығына өз бетіңізше хабарласыңыз.

Егер сізге өзін туысқаныңыз немесе жақын танысыңыз ретінде таныстыратын досыңыз қоңырау шалып, төтенше жағдай туралы хабарласса, дүрбелеңге түспеңіз. Әңгімені үзіп, сол адамға өзіңіз білетін телефон нөмірі арқылы хабарласыңыз.

Ешкімге дербес деректерді, банк картасының деректемелерін, оның қолданылу мерзімін, үш таңбалы қауіпсіздік кодын (CVV/CVC), код сөзін, SMS-кодтарды және шоттардағы ақша қаражатының қалдығы туралы ақпаратты бермеңіз.

Есіңізде болсын: құқық қорғау органдары, банктер және басқа қаржы ұйымдары телефон арқылы клиенттердің құпия деректерін сұрамайды. Мұндай мәліметтер тек алаяқтарға азаматтардың ақшалай қаражатына қол жеткізу үшін қажет.

Сондай-ақ Агенттік Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Halyk Bank қолдауымен Fingramota.kz жобасы аға буын азаматтарының қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған бірқатар білім беру іс-шараларын іске асырып жатқанын еске салады. Оқыту шеңберінде қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, дербес деректерді қорғау және цифрлық қаржы сервистерін қауіпсіз пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Қаржылық қауіпсіздік және алаяқтықтан қорғау мәселелері бойынша барынша пайдалы материал Fingramota.kz. сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1259403?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді