
Қарғалы ауданындағы басты туристік нысандардың бірі, соңғы жылдары облыс тұрғындары арасында сұранысы артып келе жатқан бірегей табиғи орын – Қасқыр сарқырамасы маңындағы туристік аймақ.
Туристік аймаққа қолжетімділікті арттыру мақсатында қазіргі уақытта мұнда автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жүзеге асырылуы табиғи көрікті жерге келушілер үшін қолайлы жағдай жасап, ішкі туризмнің дамуына жаңа серпін береді.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жол учаскесін аралап көрді.
Жаңа жолдың ұзындығы – 4,7 шақырым. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Бас мердігер – «ПК «Шымкентдорстрой» ЖШС. Жолды биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Асхат Шахаров аумақты абаттандыру және демалыс аймағын дамыту жұмыстарын жүргізіп жатқан «Байқұла» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Ысқақовпен кездесті.
Шаруа қожалығының жетекшісі туристік бағытты одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті. Алдағы уақытта демалыс аймағында туристерге арналған жаңа үйлер мен дәмхана салу көзделген. Кәсіпкердің айтуынша, республикалық тас жолдан Қасқыр сарқырамасына дейінгі жол аяқталғаннан кейін туристер саны едәуір артады деп күтілуде.
Сонымен қатар, шаруашылықта балық өсіру бағыты да қолға алынған. Демалыс аймағындағы су айдынында тұқы мен форель өсіруге арналған арнайы торлы қоршаулар (садоктар) орнатылды. Бұл келушілер үшін жаңа демалыс түрі әрі қосымша қызмет болмақ.
Мақсат Ысқақов жетекшілік ететін шаруашылық 2017 жылдан бері экотуризмді жүйелі түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда мұнда қонақтарға арналған 4 ағаш үй, 2 глэмпинг, 15 сәкі орнатылған. Сонымен қатар, 2 катамаран мен 2 қайық сатып алынған. Қазір тағы екі үй мен монша құрылысы жалғасуда.
Облыс әкімі осындай жобалар ауылдық аумақтардың туристік әлеуетін ашу, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретінін алға тартты.
Асхат Шахаровтың айтуынша, туристік инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау және туристер үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуы тиіс. Оның пікірінше, өңірдің табиғи нысандары мен жергілікті тұрғындардың бастамалары жаңа туристік маршруттар мен тартымды демалыс орындарының қалыптасуына негіз болуы қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1259411?lang=ru

Жауап қалдыру