
Астана қаласында өткен «Senat Open – 2026» республикалық шахмат турнирінің финалында өңірдің намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен қатысушыларға құрмет көрсетілді.
Облыстық әкімдіктің ғимаратында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев финалға қатысып, жүлдемен оралған шахматшыларды қабылдап, оларды салтанатты жағдайда марапаттады.
Кездесу барысында облыстық мәслихат төрағасы биыл облысқа үлкен сенім артылып, қасиетті Әулиеата жерінде «Senat Open – 2026» турнирінің Оңтүстік өңірлік жартылай финалының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті.
Аталған кезеңде Шымкент қаласы, Түркістан, Қызылорда және өңіріміздің мықты шахматшылары бақ сынап, республикалық финалдың жолдамасын сарапқа салған болатын. Бұл жарыс өңірдің ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жартылай финал қорытындысында облыстан 15 шахматшы республикалық финалға жолдама алып, елорда төрінде өткен шешуші кезеңде облыс намысын лайықты қорғады. Нәтижесінде облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте республика бойынша үшінші орынды иеленіп, өңір спортының абыройын асқақтатты.
Ал жеке есепте Байзақ ауданының өкілі, мәслихат депутаты Нұржан Тілепов барлық қарсыласынан басым түсіп, республикалық турнирдің чемпионы атанды. Бұл – жамбылдық шахмат мектебінің жүйелі жұмысы мен спортшылардың табанды дайындығының жемісі.
Салтанатты жиында Абдалы Нұралиев жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына, басқарма басшысы Ернар Таласбекұлына, облыстық шахмат федерациясының директоры Әлібек Үтеулиевке және федерация президенті, облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабекке ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, өңірдің республикалық деңгейдегі жарысты лайықты өткізуі мен финалдағы жоғары нәтижеге қол жеткізуінде осы азаматтардың еңбегі зор.
-Шахмат-адамның логикалық ойлауын, стратегиялық пайымын, сабырлылығы мен жауапкершілігін қалыптастыратын интеллектуалдық спорт. Сондықтан бұл спорт түрін дамыту – болашаққа салынған инвестиция. «Senat Open» бүгінде мыңдаған азаматтың басын қосқан, шахматты бұқаралық деңгейде дамытуға серпін берген маңызды қоғамдық жобаға айналды. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін, – деді мәслихат төрағасы.
Салтанатты рәсімде турнирде үздік нәтиже көрсетіп, өңірдің мерейін үстем еткен азаматтар марапатталды.
Облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы Байзақ аудандық «Мансап орталығы» филиалының директоры, республикалық турнирдің чемпионы Нұржан Тілеповке және облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының» шахматтан аға жаттықтырушысы Әлібек Үтеулиевке табысталды.
Ал облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хатымен Жандос Әдібаев, Марат Ақшыбеков, Тілеумберді Атаханов, Жамалбек Әсембаев, Асылбек Әшірбеков, Қасым Қайсарұлы, Асаубек Қалдыбеков, Жандос Садықов, Телбай Садықов, Талғат Сәулебаев, Жүнісбек Серіков, Алтай Тастанов және Кенжеғали Шилібек марапатталды.
Жиын соңында марапат иелеріне алдағы жарыстарда да толағай табыс тілеп, Жамбыл шахмат мектебінің бұдан әрі де биік белестерді бағындыра беретініне сенім білдірілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1259491?lang=ru

Жауап қалдыру