
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Кенен Әзірбаев көшесінде салынып жатқан Caspian BINOM School лицей-мектебінің құрылысымен танысты.
Жалпы аумағы 3,1 гектарлық нысанды «KAZPACO» ЖШС салып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңына 350 маман, 16 арнайы техника жұмылдырылған. Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбастың айтуынша, жаңа лицей-мектеп 4 мыңнан астам оқушыға шақталған.
– Білім ордасы халықаралық талаптарға сай келетін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ғимаратта 400 орындық акт залы, асхана, оқушыларға арналған коворкинг аймақтары, хореография залы және төрт спорт залы қарастырылған. Осы аптаның соңына дейін ішкі әрлеу жұмыстарын бітірсек, ай аяқталғанша аумақты толық абаттандырамыз деген жоспар бар, – деді Нұрсұлтан Жыланбас.
Лицей-мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы азайып, үш ауысымда оқытатын мектептердің жүктемесі едәуір жеңілдей түспек.
Өңір басшысы мердігерге таяу арада қала әкімдігімен бірге мектеп маңындағы автотұрақ аумағын кеңейту және оған іргелес аумақты кешенді абаттандыру жобасын әзірлеуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1259557?lang=ru

Жауап қалдыру