
Мақтаарал ауданында аптап ыстыққа қарсы ерекше шара қолға алынды. Ауа температурасы +43 градусқа дейін көтеріліп, шіліңгір шілденің ең ыстық күндері басталуына байланысты аудан тұрғындарының жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығы Мырзакент кентінде салқындату шаралары ұйымдастырылды.
Бұл игі бастама Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен жүзеге асырылып отыр. Аудан орталығындағы халық пен көлік ең көп жүретін С.Қожанов көшесінде “Мырзакент қызмет” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су тасушы арнайы техникалары су шашып өтіп, көшені салқындату жұмыстарын жүргізді.
Аптап ыстық кезінде асфальттың беткі қабаты қатты қызып, ауа температурасының одан әрі көтерілуіне әсер етеді. Осыған байланысты көшелерге су бүрку – қоршаған ортаның температурасын біршама төмендетуге, шаң-тозаңды басуға және тұрғындардың жайлы қозғалуына мүмкіндік беретін тиімді тәсілдердің бірі. Мұндай жұмыстар тұрғындардың ыстықтан қорғануына жағдай жасап қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға да оң әсерін тигізеді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауа райының аса ыстық болуы сақталған жағдайда мұндай салқындату шаралары алдағы күндері де жалғасатын болады.
Айта кетейік, Мақтаарал аудандық әкімдігі тұрғындарды күннің ең ыстық уақытында мүмкіндігінше көлеңкелі жерде болуға, көп мөлшерде су ішуге және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1259625?lang=ru

Жауап қалдыру