
Сырдария ауданында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді.
Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылуда. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында аудандық ауруханаға компьютерлік томография аппараты орнатылып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді диагностикалық қызмет көрсетілуде. Сонымен қатар, цифрлық маммограф, портативті ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараты және жылжымалы рентген аппараты сатып алынып, медициналық диагностиканың мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді.
Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында аудандық аурухананың терапия бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балалар денсаулығын нығайту және даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтау мақсатында аудандық емхана жанынан «Даму және ерте араласу орталығы» ашылып, өз жұмысын бастады.
Сонымен қатар, дәрілік заттарды сақтау мен пайдалануды заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында алдағы уақытта аудандық аурухана жанынан «Госпитальдық фармация» бөлімшесін ашу жоспарланып отыр.
Аудан басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ саланың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya-besaryq/press/news/details/1259766?lang=ru

Жауап қалдыру