
Ауданда тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар мемлекеттік бағдарламалар аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Биыл бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Газдандыру жобаларын жүзеге асыруға республикалық және облыстық бюджеттерден жалпы көлемі 5,1 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Қазіргі таңда құны 1,8 млрд теңгені құрайтын Ақжарма ауылын газдандыру жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысанды қабылдау рәсімдері жүргізілуде. Жақын күндері ауыл тұрғындары табиғи газды пайдалануға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар, жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарын газдандыру жобаларын іске асыру басталды. Атап айтқанда, Шіркейлі ауылына – 1,3 млрд теңге, Қоғалыкөл ауылына – 1,1 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылып, биыл құрылыс жұмыстарын бастау үшін 720 млн теңге бөлінді.
Сондай-ақ, Бесарық ауылын табиғи газбен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 972,4 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын жақын арада бастау жоспарланып отыр.
– Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру арқылы аудан тұрғындарына қолайлы әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары жалғасады. Жоспарланған жобалар толық іске асқаннан кейін ауданды табиғи газбен қамту деңгейі 80 пайыздан асады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya-aqzharma/press/news/details/1260010?lang=ru

Жауап қалдыру