ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНДА БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

АЙТЫЛДЫ:

«Еліміз трансшекаралық су көздерінің ресурстарына тәуелді. Сондықтан бұл мәселеде көрші әрі дос мемлекеттермен әрдайым өзара түсіністік пен тиімді келісімге қол жеткізу қажет. Осыған байланысты сараланған су саясатын жүргізу және трансшекаралық су пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің аса маңызды міндеттерінің бірі».

ОРЫНДАЛДЫ:

2024 жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) төрағалық ету Қазақстан Республикасына өтті. 2026 жылғы 30 наурызда Астанада ХАҚҚ басқармасының отырысы, ал 22 сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Кеңес қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Астана декларациясына қол қойып, 26 наурызды Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау туралы шешім қабылдады. Қазақстанның төрағалығы аясында Арал теңізі бассейнінде жалпы қаржыландыру көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 30-дан астам өңірлік жоба іске асырылып жатыр.

2025 жылғы 15 қарашада Қазақстан Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Құжат Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясын құруды, суды есепке алудың бірлескен автоматтандырылған жүйесін дамытуды және су шаруашылығы нысандарын пайдалануды үйлестіруді көздейді. 2026 жылғы маусымда Мәжіліс осы келісімді ратификациялады. Осылайша Қазақстан барлық көрші мемлекеттермен тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмысын толық аяқтады.

2026 жылғы 20 ақпанда Душанбе қаласында өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 92-отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов алдағы вегетация кезеңіне Қазақстан үшін су алу лимиттерін келісті.

Министр Нұржан Нұржігітов Тәжікстан және Өзбекстандағы әріптестерімен бірлесіп, 2025 жылғы маусым-тамыз айларында «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимін келісті және Түркістан облысының Мақтаарал мен Жетісай аудандарының диқандарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін үшжақты хаттамаға қол қойды. 2026 жылғы суару маусымына арналған осындай хаттама үш тараптың қатысуымен 2026 жылғы мамырда да қабылданды.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясы аясында 2025 жылы екі отырыс өткізілді. Былтыр вегетация кезеңінде Шу өзені арқылы Қазақстанға 160 млн текше метр, ал Талас өзені арқылы 427,5 млн текше метр су келді. 2026 жылы да комиссия отырысы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша Шу және Талас өзендері арқылы су беру кестелері бекітілді. Сондай-ақ 2026 жылғы ақпанда «Қырғызгидрометпен» 2025-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылып, соның негізінде гидрологиялық деректер алмасу қайта жанданды.

Ресеймен өзара іс-қимыл Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясы арқылы жүзеге асырылуда. 2025 жылы су тасқыны мен көктемгі тасқын суды өткізу мәселелері бойынша өзара әрекеттесуге арналған жұмыс тобы құрылды. 2026 жылы оның аясында тараптар Жайық, Тобыл, Есіл және Ертіс өзендері бассейндеріндегі тасқын суды өткізу сценарийлерін келісіп, гидрологиялық деректермен күн сайын алмасу тәртібін жолға қойды. Су қоймаларының жұмысын үйлестірудің арқасында 2026 жылғы су тасқыны кезеңі күрделі жағдайларсыз өтті.

Қытаймен Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су бөлу нысанын салу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар трансшекаралық өзендердегі су бөлу туралы үкіметаралық келісім жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Душанбе қаласында өткен «Тұрақты даму үшін су» (2018-2028 жылдар) халықаралық іс-қимыл онжылдығына арналған IV халықаралық конференцияда Қазақстан су саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты жетілдіруді қолдап, Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын әзірлеу бастамасын ұсынды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ жүйесі аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын ілгерілетуді жалғастыруда. 2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында 30-дан астам мемлекет пен 20 халықаралық ұйымнан келген шамамен 140 өкілдің қатысуымен халықаралық консультациялардың алғашқы кезеңі өткізілді. Оның қорытындысы бойынша 2026 жылғы желтоқсанда Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясына арналған жинақталған есеп дайындалып жатыр.

Жалпы алғанда 2025 жылы трансшекаралық өзендер мәселелері бойынша 70-тен астам кездесу өткізілді. Ал 2026 жылдың басынан бері 32 келіссөз жүргізіліп, оның екеуі комиссия отырысы форматында өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1260187?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді