
Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды түсіндіру және бақылау іс-шаралары өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл экологиялық науқан аймақта тек сенбіліктер ұйымдастырумен ғана шектелмей, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырудың кешенді құралына айналып келеді. Осы орайда, жергілікті уәкілетті органдар мен жауапты мамандар ауыл аумағындағы кәсіпкерлік субъектілерінің иелерімен арнайы жолығып, санитарлық мәдениетті қалыптастыру мәселесін пысықтады.
Негізгі мақсат-бизнес өкілдеріне өздеріне тиесілі нысандардың айналасын таза ұстаудың құқықтық әрі азаматтық міндет екенін жеткізу, сондай-ақ экологиялық талаптардың сақталу сапасын арттыру.
Түсіндіру жұмыстары барысында әрбір коммерциялық нысанның, мейлі ол сауда нүктесі, қоғамдық тамақтану орны немесе қызмет көрсету орталығы болсын, іргелес аумақтың тазалығына тікелей жауапты екені баса айтылды. Мамандар кәсіпкерлерге санитарлық нормаларды қатаң сақтау, күнделікті пайда болатын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды уақытылы шығару және нысан айналасын ретке келтіру алгоритмдерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1260443?lang=ru

Жауап қалдыру